Жамбыл облысында ҚазҰУ түлегі мемлекетке оқу ақысын қайтаруға міндеттелді

Фото: Kazinform

ТАРАЗ. KAZINFORM – Мойынқұм аудандық сотында ерекше іс қаралды. ҚазҰУ-ды мемлекеттік грантпен тәмамдаған студент жолдамамен үш жыл жұмыс істеу міндетін орындамағандықтан, мемлекетке 2,5 млн теңге қайтаруға міндеттелді.

«Қаржы орталығы» АҚ түлекке қатысты талап арыз түсіріп, мемлекеттік грант арқылы төленген оқу шығындарын өндіруді сұрады.

Жауапкер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауыл жастарына арналған квота бойынша түсіп, республикалық бюджет қаражаты есебінен білім алған. Диплом алған соң үш жыл жұмыс істеуі тиіс болғанымен, бұл міндетін орындамаған.

Ол 2023 жылы оқуын тәмамдағаннан кейін жұмыс орнына бармаған және жұмыспен қамту орталығында тіркелмеген. Осыған байланысты мемлекетке 2,5 млн теңге шығынды өтеу, сондай-ақ 666 мың теңге көлемінде өсімпұл төлеу талабы қойылды.

Сот негізгі қарыз – 2,5 млн теңгені толық өндіріп алуды ұйғарды. Алайда талапкердің кешігіп жүгінуіне байланысты өсімпұл көлемін он есе азайтып, 66 мың теңге көлемінде белгіледі.

Еске сала кетейік, педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің стипендиясы 84 мың теңге болады.