Жамбыл облысында кезекте тұрғандарға арналған 350 пәтердің тек 92-сі сатып алынған

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында биыл әлеуметтік осал топтарға арнап сатып алу жоспарланған 350 жалдамалы пәтердің әзірге 92-сі ғана алынған. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев тұрғын үй бөлу жұмысын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың мәліметінше, биыл өңірде 2035 азаматты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл мақсатқа 20 млрд теңге қарастырылған.

Әлеуметтік осал топтарға арналған 350 жалдамалы пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген. Алайда қазіргі уақытқа дейін оның 92-сі ғана сатып алынып, тағы 258 пәтерді алу қажет болып отыр.

Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үйлерді «Отбасы банк» арқылы бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрсұлтан Исабековтің айтуынша, биыл банкке бөлу үшін 1636 пәтер берілген. Оның 1249-ы бойынша азаматтар мақұлдау алған.

Бюджет қаражаты есебінен облыста 2941 пәтерлік 66 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін 1685 пәтерлік 35 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Қазірдің өзінде Ұлы дала шағынауданында 345 пәтерлік бес тұрғын үй пайдалануға берілді.

Асқаров көшесіндегі жаңа тұрғын алабында 1176 пәтерлік 30 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұдан бөлек, 1800 пәтерлік тағы 36 үйдің жобасы әзірленді.

Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жалдамалы және кредиттік пәтерлерді бөлуді жеделдетіп, мердігер ұйымдармен жұмысты күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ құрылысы жүріп жатқан нысандарды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін ескертті.

Өңір басшысы құрылыс құнының қымбаттауына және жұмыс мерзімінің созылуына әкелетін жобаларды негізсіз түзетуге жол бермеуді талап етті.

Жиында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін бөлу мәселесі де қаралды.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысында жер телімін алу кезегінде 260 197 адам тұр. Өңірде бұл тізімді өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, оның қарқыны облыс әкімінің сынына ұшырады.

Осыған байланысты Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне жер кезегін жаңарту және жер телімдерін резервке қою жұмыстарын жеделдету тапсырылды.

Инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген жер телімдерін азаматтарға кезектілік тәртібін қатаң сақтай отырып, мүмкіндігінше тезірек беру қажеттігі айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін «Отбасы банк» тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың деректерін түгендеу тәртібін өзгерткені хабарланған. Жаңа ережеге сәйкес, банк азаматтардың жеке келісімінсіз де деректерді тексере алады. Алайда кезектегі орнын сақтау тұрғын үйді бөлуге автоматты түрде қатысуға мүмкіндік бермейді. Ол үшін деректерді тексеру рәсімі толық аяқталуы тиіс.