2022 жылы басталған жобаның жалпы құны 7 млрд теңгені құрайды. Жобаны «Павлодар өзен порты» АҚ жүзеге асырып жатыр. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, бүгінге дейін 4 млрд теңгенің жұмысы орындалған. Жоба жетекшісі Нұрболат Досалиев қаржыландыру толық қамтамасыз етілсе, жұмыс 2026 жылы аяқталатынын айтты.
— Егер биыл бюджет қаражаты толық көлемде бөлінсе, онда жобаны 2026 жылы аяқтаймыз. Қазіргі таңда 1,4 миллиард теңге ғана бөлінді. Қаржыландырудың жеткіліксіз болуына байланысты біз әлі күнге дейін аванс алған жоқпыз. Қосымша келісім де жасалған жоқ. Барлық техникалық мәселе тапсырыс берушімен бірлесіп шешіліп жатыр, — деді жоба жетекшісі Нұрболат Досалиев.
Ал қалалық әкімдік өкілі қалған 3 млрд теңге қаржы бөлініп тұрғанын, істелген жұмыстың есебіне сай төлем жасалатынын айтты. 2024 жылы бұл жоба жарты жылға тоқтап қалды. Бұған материалдардың қымбаттауына байланысты сметаға өзгерістер қажеттілігі туындауы себеп. Дегенмен облыстық бюджеттік комиссия қосымша қаржы бөлмеген. Енді мердігер алғашындағы қаржыға мойнына алған жұмысты аяқтауы керек.
— «Квадрат» булану алаңында тазартылмай қалған, яғни жоба аясындағы жұмыс толық аяқталғаннан кейін қалып қойған шөгінділер тазартылатын болады. Жалпы мердігер мекеме жобаны толық аяқтағаннан кейін де сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді.Кепілдік мерзімі — 2 жыл, — деді Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Мәулен Саламатов.
Жалпы жоспар бойынша алаңдағы 1 млн 700 мың текше метр лас тұнба тазартылуы тиіс. Қазіргі уақытта мердігер 900 мың текше метрден асатын көлемдегі тұнбаны тазартып үлгерген. Бүгінге дейін дамбаның құрылысы, геотүтіктер орнату, геотекстиль және геомембрана материалдары, флокулянт пен коагулянт сияқты химиялық реагенттерді жеткізу, сондай-ақ су қабылдау құдығының монтажы сынды жұмыс аяқталған. Алдағы 2 аптада 3 түп тереңдетін кеме жеткізіліп, сарқынды су арнайы дайындалған орынға жіберіледі.
Жалпы бұл булану алаңына 2021 жылдан бері сарқынды су төгуге сотпен тыйым салынған. Осы жағдайдан кейін экология министрлігі мен облыстық әкімдік арасында жол картасы дайындалып, Атырау облысы Су Арнасының мекемесінің өтініші негізінде бұл мерзім бірнеше мәрте кейінге шегерілген. Соңғы шешім бойынша осы жылдың тамыз айынан кейін бұл алаңға сарқынды су төгуге рұқсат жоқ.
— Бұл жерде бір жайтты түсіну керек. Осы мәселе бойынша қоғам өкілдері де сотқа жүгінген еді. Нәтижесінде тараптар медиациялық келісімге келді. Сол келісім аясында ағынды сулардың қай жерге төгілетініне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл мәселе ерекше бақылауға алынған. Ал қаланың оң жағалау бөлігін түгелдей кәріз жүйесінен ажырату мүмкін емес екенін де түсіну қажет. Өйткені бұл аумақта тұрғындардан бөлек әлеуметтік нысандар — ауруханалар, мектептер, балабақшалар және басқа да мекемелер орналасқан, — деп пікір білдірді Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есенов.
Экологтардың мәліметінше, булану алаңының санитарлық-қорғау аймағынан тыс аумақта 3 мәрте ауа сапасына талдау жүргізілген. Нәтижесінде атмосферадағы күкіртсутегі концентрациясының шекті нормадан 43 есеге дейін артқанын көрсеткен. Әкімдік алдағы уақытта тазартылған суды техникалық мақсатта пайдалану және булану алаңы аумағын көгалдандыру жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін экологтар атыраулықтардың шағымынан кейін ауа құрамын тексергенін жазған едік.