Жамбыл облысында мал ауруларының 10 дерегі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, тіркелген жағдайлар өңірдегі жалпы мал басымен салыстырғанда өте аз үлесті құрайды. Қазір облыста 4,5 миллионнан астам мал бар, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
«Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіне сәйкес, Жамбыл облысындағы мал басы мынадай:
- ірі қара мал — 504 147
- ұсақ мал — 3 835 222
- жылқы — 217 339
- түйе — 8 665
- шошқа — 4 760
2025 жылдың басынан бері мамандар мынадай ауруларды тіркеді:
- құтырма — 3 жағдай
- пироплазмоз (кенелер арқылы жұғатын паразиттік қан ауруы) — 2 жағдай
- сальмонеллез (ішек бактериялық инфекциясы) — 2 жағдай
- пастереллез (тыныс жолдары мен ішкі ағзаларды зақымдайды) — 2 жағдай
- анаэробты энтеротоксемия (ішектегі инфекция, ағзаны уландырады) — 1 жағдай
— Барлық жағдайда карантиндік шектеулер енгізіліп, қажетті ветеринариялық-алдын алу шаралары жүргізілді, — деді облыстық ветстанция басшысы Серік Бердібаев.
Аймақта мал ауруларының алдын алу және олармен күресу мақсатында эпизоотияға қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген, қазіргі уақытта оның 2,1 млрд теңгесінен астамы игерілді.
Сонымен қатар, республикалық бюджеттен патогендер сатып алуға 679 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді.
2025 жылға арналған жоспар бойынша облыста 16,5 миллион профилактикалық шара жүргізу көзделген.
— Бұл жұмыстар негізгі ауыл шаруашылығы жануарларын қамтиды. Атап айтқанда, аусыл, күйдіргі, құтырма және түйінді дерматит ауруларына қарсы вакцинациялар жүргізілді. Тоғыз айда миллиондаған ірі қара, ұсақ мал, жылқы мен иттер өңделді, — деп мәлімдеді облыстық ветеринария басқармасы.
Бұған дейін Қызылордада жануар тістеген 1,5 мыңнан астам адам дәрігерге жүгінгенін жаздық.