Жамбыл облысында орманды алқапқа 143 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған

Фото: Атырау облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында 2023-2027 жылдар аралығында 143 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

- Бүгінге дейін өңірде 9,475 миллион ағаш отырғызылды, – деді өңірдегі жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Тәшенова.

Спикердің айтуынша, орман қоры аумағында ағаш отырғызу көлемін арттыруға бағытталған жобалар бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеліп, аймақтағы 13 орман шаруашылығы бойынша 27 жоба бекітілген.

«Бұл жүйеде әр жобаның жарғысы, басталу және аяқталу мерзімі, негізгі кезеңдері мен орындалу барысы толық көрсетіліп, жұмыстардың ашық жүргізілуіне мүмкіндік жасалған», – деді Гүлпара Ташенова.

Мақсат – орман көлемін 14,5 миллион гектарға дейін жеткізу. Бұл экологиялық жағдайды жақсартып, климаттық өзгерістердің алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, орман шаруашылықтарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жобаларды жүзеге асыруға қажетті материалдық-техникалық ресурстарды жеткізу, көшеттерді отырғызу, күтіп-баптау шаралары қолға алынған.

«Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы жобаларды бақылау өңірдегі орман өсіру жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етеді және халыққа орындалып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат ұсынады», – деді орталық басшысы.

Айта кетейік, Жамбыл облысында шаруаларды сумен қамтуға бөлінген қаражат жымқырылған.