Жамбыл облысында өрт салдарынан қаза болғандар саны 4 есе өскен

Жамбыл облысы аумағында өткен жылыту маусымында, яғни 2022 жылдың 15 қазаны мен осы жылдың 15 сәуірі аралығында тұрғын үй секторында 233 өрт тіркелген.

Фото: Kazinform

Салдарынан 6 адам қаза болып, 5 адам жарақат алған. Өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғаларының саны 12 пайызға артқан. Ал өрт салдарынан қаза болған адамдар саны 4 есеге өсіп, жарақат алғандар 2 есеге көбейген, деп хабарлайды Kazinform.

Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаевтың айтуынша, өрттің 70 пайызы тұрғын үй секторында, 23 пайызы автокөлік құралдарында орын алған.

«Материалдық шығын 23 миллион 613 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, улы газдан 4 адам қаза тапса, 23 адам жарақат алды. Биыл 9 айдың ішінде жалпы облыс аумағында 611 өрт тіркеліп, салдарынан 15 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды. Материалдық шығын 159 миллион 83 мың теңгені құрады. Осыған орай, қазіргі таңда жылыту маусымы кезінде халықтың қаза болуы мен жарақаттануын азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешені іске асырылуда», – дейді Мақсат Әкімбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында балалардың тұрмыстық химия мен дәрілерден улануы жиілегенін жазған болатынбыз.