Жамбыл облысында өзін жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы ретінде таныстырған адам ұсталды

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде таныстырған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Агентіктің Жамбыл облысы бойынша департаменті Жуалы ауданының №4 мектебінің директоры Ж.Е. Пернешева мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы болып көрінген белгісіз адам арасындағы телефон арқылы сөйлесу фактісі бойынша келесіні хабарлайды.

Департамент жүргізген тексеру шеңберінде Атырау облысының аумағында тұратын азаматтың (аз. «С») кім екенін анықтады.

Ол өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде көрсете отырып, бұрын еңбек тәртібін бұзғаны (жұмыс орнында мас күйінде болған) үшін жұмыстан босатылған қызметкерді жұмысқа қайта алуға жәрдем көрсетуді сұраған.

Осыған байланысты азамат «С»-ның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалды, жиналған материалдар құзыреті бойынша Атырау облысының Полиция департаментіне құқықтық баға беру үшін жіберілді.

Биылғы 8 мамырда Полиция департаменті азамат «С»-ға қатысты жала жабу фактісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама (ҚР ӘҚБтК 73-3-бабы 2-бөлігі) жасалып, Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді.

Сот процесі барысында «С» кінәсін толық мойындады және жасаған ісіне өкініш білдірді.

Биылғы 14 мамырда сот шешімімен «С» ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Азаматтардан осындай алаяқтық қоңырауларға сенбеуге және қоңыраулар немесе хабарламалар келіп түскен жағдайда Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұраймыз, - делінген хабарламада.

Осыған дейін Антикордың құрылысы ұзаққа созылған жобаларды бақылауға алғаны туралы жаздық.