Жамбыл облысында пәтерді сапасыз жөндеген мердігерден 3,9 млн теңге өндірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Мердігер пәтерді жөндеуге алған 4,7 млн теңгенің басым бөлігін қайтаруға міндеттелді.

Фото: Мойынқұм аудандық соты/ЖИ

Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты азаматша М.-нің жеке кәсіпкерге қатысты құрылыс мердігерлік шартын бұзу және ақша қаражатын өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.

2025 жылдың қазан айында тараптар арасында Алматы қаласындағы пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге шарт жасалды. Шарт бойынша жөндеу құны 6,2 млн теңге болған.

Талап қоюшы жұмыстың алғашқы үш кезеңі үшін жауапкерге 4,7 млн теңге төледі. Алайда жөндеу жұмыстары толық орындалмады, ал жұмыстар мен пайдаланылған материалдардың сапасы шарт талаптарына сәйкес келмеді.

Азаматша бірнеше рет кемшіліктерді жоюды талап еткен, бірақ бұл нәтиже бермеді. Кейіннен мердігердің пәтерге кіруіне тоқтау қойылып, шарттық қатынастар іс жүзінде тоқтатылды.

Жауапкер талап қоюды мойындамай, жұмыстың бір бөлігі орындалғанын және пәтерге кіру мүмкіндігінің болмауына байланысты жөндеуді аяқтау мүмкін еместігін көрсетті.

Сараптама қорытындысына сәйкес нақты орындалған жұмыстар мен материалдардың құны 1,4 млн теңгені құрады. Бұл ретте пәтердің барлық үй-жайларында плиткаларды бөлшектеу және оны толық ауыстыру құны 760 мың теңге мөлшерінде айқындалған.

— Сот мердігердің шарт талаптарын елеулі түрде бұзғаны, соның салдарынан талап қоюшы шарт жасасу кезінде күткен нәтижесінен айырылғаны туралы қорытындыға келді. Сот шешімімен келісімшарт бұзылды. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 3,9 млн теңге, нотариаттық және өкілдік шығыстар, сондай-ақ сараптама жүргізуге жалпы 385 мың теңге көлемінде шығыстар өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ, —  делінген Мойынқұм аудандық сотының хабарламасында.

Осыған дейін БҚО тұрғыны жағымсыз исі бар жиһаз үшін сатушыдан 2,6 млн теңге өндіріп алғанын жаздық.