Жамбыл облысында полицей өзіне қол жұмсады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір суицидке әкелудің мән-жайы анықталып жатыр. Бұл ақпаратты Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
- Суицидке жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеудің объективтілігі мен мән-жайды анықтауға бағытталған барлық тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.
Осы орайда Жамбыл облыстық полиция департаменті Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайтынын хабарлады.
Күні кеше Жамбыл облысында полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны туралы хабарлаған едік.
«Алматы-Ташкент» автожолының 203-шақырымында «Volkswagen Passat» маркалы автокөліктің жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, бекітілген аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік автокөлігімен соқтығысқан.
Айта кетсек, таяуда елордада полиция қызметкері көз жұмды. Астаналық тәртіп сақшысы жаттығу залынан шыққаннан кейін есінен танып, сол жерде қайтыс болды.