Жамбыл облысында полициядан қашқан мас жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Патрульдеу барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған Toyota Carina автокөлігін байқап, жүргізушіні тоқтатпақ болды.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Алайда облыс орталығының 33 жастағы тұрғыны полицейлердің талабына бағынбай, бой тасалауға әрекет жасаған. Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде құқық бұзушы көп ұзамай ұсталды.

Тексеру барысында жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталып, медициналық куәландыру нәтижесімен расталды.

Құқық бұзушының айтуынша, ол жұбайымен жанжалдасып, ашуланып көлікке отырған. Осы себепті полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабына бағынбай, қала ішіндегі көшелер мен бұрылыс жолдар арқылы қашып кетпек болған.

Жүргізушіге көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны және полиция қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді.

Сот шешімімен ол 7 жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және 145 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұл сапардың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді. Мас күйінде көлік басқаратын жүргізушілердің кінәсінен ауыр зардаптарға, соның ішінде адам өліміне әкеп соғатын жол-көлік оқиғалары болуы әбден мүмкін.

Айта кетейік, жыл басынан бері Жамбыл облысында көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған 923 жүргізуші ұсталды. 

Айта кетелік Алматыда картинг көліктерімен көшеге шыққан жүргізушілер тобы жазаланған еді