Жамбыл облысында прокурорлар 7,7 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының прокурорлары жыл басынан бері 7,7 мыңнан астам кәсіпкердің, оның ішінде инвесторлардың құқықтарын қорғады.

Фото: Бас прокуратура

Жуалы ауданы прокуратурасы жүргізген талдау барысында әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерден электр энергиясы үшін жоғары тарифпен ақы алу деректері анықталды.

Мемлекеттік қолдау шараларына сәйкес, мұндай өндірушілер электр энергиясын жеңілдетілген тарифпен төлеуі тиіс.

Алайда жыл басынан бері 7 әлеуметтік маңызы бар тауар өндіруші электр энергиясының 1 кВт/сағ үшін белгіленген 35,12 теңгенің орнына 38,44 теңге төлеп келгені белгілі болды.

– Осылайша, кәсіпкерлер мемлекет қарастырған жеңілдіктерді толық көлемде ала алмаған. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар жойылып, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

Прокуратура мәліметінше, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде бақылаушы органдар тарапынан 51 бизнес субъектісіне қатысты негізсіз тексеру жүргізуге жол берілмеді.

Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 23 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің Жер ресурстарын басқару басқармасы тарапынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру конкурстарын өткізу кезінде келісу рәсімдерін негізсіз талап ету тәжірибесіне тосқауыл қойылды.

Құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған кәсіпкерлер 7 (775) 891-25-52 телефоны арқылы хабарласа алады.

Айта кетейік, Жамбыл облысында 47,5 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.