Жамбыл облысында саңырауқұлақ инфекциясын жұқтырғандардың 60 пайызы балалар

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында жыл сайын дерматомикоздың шамамен 300 жағдайы тіркеледі. Бұл ауру бойынша эпидемиологиялық ахуал үш ауданда және Тараз қаласында мәз емес, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Pexels

Дерматомикоз – тері мен шашты зақымдайтын жұқпалы саңырауқұлақ ауруларының тобы. Оған трихофития мен микроспория жатады. Мамандар микроспорияны балалар арасында жиі кездесетін тері саңырауқұлақ инфекцияларының бірі деп атайды.

Инфекцияны науқас адамнан да, жануардан да жұқтыруға болады. Бұл ретте тікелей байланыс міндетті емес. Ауру ортақ тарақ, төсек-орын жабдықтары, жөке және басқа да тұрмыстық заттар арқылы таралуы мүмкін.

Микроспория кезінде теріде қабыршақтанатын, аздап қышитын қызғылт-қызыл түсті сақина тәрізді дақтар пайда болуы ықтимал. Егер бас терісі зақымданса, шаш сынғыш келеді.

Сала мамандары бөтен адамның тарағын пайдаланбауға, ал үйдегі мысықтар мен иттерді ветеринарға көрсетіп, тексеруден өткізуге кеңес береді. Монша мен саунаға барған кезде жабық резеңке шәрке киген жөн.

Бұған дейін Петропавл қаласында теміреткі жұқтырды деген күдікпен сегіз студент ауруханаға жатқызылғаны хабарланды.