Жалпы тергеу судьяларының қарауына 2 971 материал келіп түсті. Есепті кезеңнің соңына дейін оның 2 967-сі қаралды.
Ең маңызды мәселелердің бірі бұлтартпау шарасын таңдау болды. Қылмыстық қудалау органдары қамауға алу туралы 461 өтінішхат жолдап, оның 303-і судьялар тарапынан қанағаттандырылды. Осылайша, өтініштердің 65,9 пайызы бойынша қамауда ұстауға санкция берілді.
Қамауға алумен қатар электрондық бақылау құралдары да қолданылды. Алты ай ішінде олар 137 рет пайдаланылды, оның ішінде жағдайлардың жартысына жуығы тергеу соттарына тиесілі болды. Аудандық соттардың ішінде мұндай шара ең көп Меркі, Шу және Талас аудандық соттарында қолданылған.
Бұдан бөлек, тергеу судьялары қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне қатысты 108 шағымды қарады. Оның 31-і бойынша талаптар негізді деп танылды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда сотқа дейін қамауға алынғандарға электрондық білезік енгізілуі мүмкін екені хабарланды.
Сондай-ақ сот жүйесіне деген сенім деңгейі 63,2 пайызға дейін өсті.