Жамбыл облысында тыйым салынған діни материал таратқан топ сотталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Жамбыл облысында діни радикализммен айыпталған 4 тұлғаға қатысты үкім шықты.
Биыл Бірлесу Еңбек ауылында Жамбыл ауданы прокуратурасының нұсқауы негізінде полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызмткерлері діни алауыздықты нәсихаттайтын әдебиеттерді таратумен айналысып келген 4 адамды ұстады.
Аталған тұлғалар ел аумағында тыйым салынған діни материал мен уағыз-насихатты әлеуметтік желілерде жариялап отырған.
— Күдікке ілінген тұлғалардың үй жайларына тінту барысында Қазақстан Республикасының аумағында діни алауыздықты қоздырушы ретінде таратуға тыйым салынған материалдар тәркіленген.
Биыл маусым айында Жамбыл аудандық соты жоғарыда көрсетілген тұлғалар ҚК-нің 174-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып (діни алауыздықты қоздыру), әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — делінген Жамбыл облысының прокуратурасы хабарламасында.
Сот үкімдері заңды күшіне енді.
Прокуратура органдары әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындағаны немесе таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертеді.
Айта кетелік Түркістан облысында тыйым салынған діни материалдарды таратқан шетелдік 7 жылға сотталған еді.