Жамбыл облысында үш баланың әкесі учаскелік полицейге қол жұмсады

Фото: Kazinform

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында полицей ер адамды сабырға шақырмақ болған. Алайда ол ескертуге ашуланып, тәртіп сақшысының бетінен ұрып жіберген, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Оқиға Меркі ауданындағы «Көк-көл» демалыс аймағында болған. Ер адам екі танысымен бірге спирттік ішімдік ішіп отырған кезде олардың арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан. Бұзақыларды тыныштандыру үшін оқиға орнына учаскелік инспектор келген. Алайда ер адамдардың бірі оның ескертуіне құлақ аспай, ашу үстінде полицейді бетінен ұрған. Салдарынан тәртіп сақшысы жеңіл дене жарақатын алған.

Кейін іс сотқа жетті. Меркі аудандық соты ер адамды Қылмыстық кодекстің 380-бабының 3-бөлігі бойынша – билік өкіліне күш қолдану дерегімен кінәлі деп таныды.

Сот процесі барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, еркіндігінен айырмауды сұраған. Сот оның кінәсін мойындауын, жағымды мінездемесін және үш кәмелетке толмаған баласының бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Сонымен қатар қылмыстың мас күйінде жасалғаны жазаны ауырлататын жағдай ретінде танылды.

Сот үкімімен ер адамға үш жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Еске сала кетсек, Жамбыл облысында нашақорға үкім шығарылып, сот оны 6 жыл бас бостандығынан айырды.