Жамбыл облысында үш күнде 280-ге жуық жасөспірім полицияға жеткізілді
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Бұл туралы Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция майоры Азат Пірматов мәлімдеді.
Үш күнге созылған шара барысында кешкі және түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 279 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, бөлімшеге жеткізілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 7 бала қолдау орталығына орналастырылды.
Полиция тарапынан 21 жасөспірім мен 7 ата-ана профилактикалық есепке қойылған. Сонымен қатар, есепте тұрған 195 кәмелетке толмағанның тұрғылықты жері тексерілді.
- Шара аясында 317 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде:
ӘҚБтК 442-бабы бойынша (түнгі уақытта балалардың заңды өкілінсіз жүруі) – 279 дерек
127-бап бойынша (ата-ананың тәрбиелеу міндетін орындамауы) – 25 дерек
132-бап бойынша (ойын-сауық мекемелерінде кәмелетке толмағанның болуы) – 11 дерек
435-бап бойынша (жасөспірім жасаған бұзақылық) – 2 дерек, - деді спикер.
Полиция департаменті өкілі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оларды қорғау жұмысын тұрақты негізде жалғастыратынын атап өтті.
Айта кетейік, Жамбылдың 32 ауылында кәсіпкерлер ішімдік сатудан толықтай бас тартқан.