Жамбыл облысында үш күнде 280-ге жуық жасөспірім полицияға жеткізілді

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Бұл туралы Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция майоры Азат Пірматов мәлімдеді.

Фото: Polisia.kz

Үш күнге созылған шара барысында кешкі және түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 279 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, бөлімшеге жеткізілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 7 бала қолдау орталығына орналастырылды.

Полиция тарапынан 21 жасөспірім мен 7 ата-ана профилактикалық есепке қойылған. Сонымен қатар, есепте тұрған 195 кәмелетке толмағанның тұрғылықты жері тексерілді.

- Шара аясында 317 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде:

  • ӘҚБтК 442-бабы бойынша (түнгі уақытта балалардың заңды өкілінсіз жүруі) – 279 дерек

  • 127-бап бойынша (ата-ананың тәрбиелеу міндетін орындамауы) – 25 дерек

  • 132-бап бойынша (ойын-сауық мекемелерінде кәмелетке толмағанның болуы) – 11 дерек

  • 435-бап бойынша (жасөспірім жасаған бұзақылық) – 2 дерек, - деді спикер.

Полиция департаменті өкілі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оларды қорғау жұмысын тұрақты негізде жалғастыратынын атап өтті.

Айта кетейік, Жамбылдың 32 ауылында кәсіпкерлер ішімдік сатудан толықтай бас тартқан.