Асан Рәпішев есімді азамат хабарласқанда мен осындай ойға қалдым.
«Менің анам – 30 жасына дейін бір емес, үш рет егіз туған Батыр ана. Білесіз бе, үш рет егіз тапқан ана менің білуімше, Қазақстан бойынша жоқ. Бұл өмірде мен анама қолымнан келген бар жақсылықты жасағым келеді, Батыр анамды бүкіл ел білсе екен деп армандаймын», - деді ол.
Байзақ ауданындағы Көктал ауылына бет алдық. Жылы жүзді кейуана бізді құшақ жая қарсы алды. Балалары тұрмақ, бірінші рет көрген бізге мейірлене қарайды.
«19 жасымда осы үйдің табалдырығын аттадым. Соғысқа қатысып, содан аман оралған әкем Мәуленбай өз заманында ауқатты, бай болды. Байлығынан бір ғана мысал келтірсем, сол уақытта колхозда ақша болмай қалған кезде колхоз бастығы, партия хатшысы, бас есепшісі өтініш жасап, колхозшылардың айлығын әкемнен қарызға ақша алып төлейтін болған екен.
Жалпы, әкем екі әйел алған кісі. Бәйбішесі Күлтай ападан туған 10 баланың сегізі жастай шетінеп, Бұрлан ағам мен Әсемкүл әпкем ғана қалған. Біз – екінші әйелі Айшакүлден 9 баламыз. «Қыз бала – болашақ ана. Оның негізгі міндеті – бір шаңырақтың отын жағып, ұрпағын дүниеге әкелу» деген ұстанымдағы әкем мені 7-сыныптан соң оқытпады. Әкеміз қанша қатал болса да, анда-санда болып тұратын ауыл жастарының басқосуына жеңгелерімізге, құрбыларымызға еріп барып тұратынмын. Сондай басқосудың бірінде жолдасым Тұрсынқұлмен танысып, кейіннен ол келісіміммен алып қашты», - дейді көзі күлімдей жастық шағын есіне алған Райкүл апа.
Жесір әйелдің жалғыз баласы Тұрсынқұлға тигенін естісе, Мәуленбай бай қайтып алып кетер деп, енесі Райкүлді екі күн бойы көршілерінде тығып ұстайды. Содан үшінші күні жас келін: «Апа, мені қашанғы үйден-үйге тығып жүресіз!» - дейді батылданып. Сөйтіп, беташар рәсімі өткеннен кейін артынан «қуып келген» әкесі қызының өз ықтиярымен келгеніне көзі жетіп, батасын береді де қайтып кетеді.
Анаркүл апа баласын аманаттап тапсыратын адам күтіп жүргендей, арада небәрі бір жыл өткенде бақилыққа аттанады. Онысын өзі алдын-ала сезгендей, көршілерін, абысын-ажынын жиып, келінінің құрсақ шашуын жасағанда: «Шырағым, Райкүл, мен немеремді көре алмаспын. Тұрсынқұлым ағасы да, әпке-қарындасы да жоқ, жалғыз екенін білесің. Ендігі оның демеушісі де, қамқоршысы да өзің. Алла етегіңе берсе, көпсінбей туа бер. Әрқайсысының өз нәсібі бар», - деген екен.
Алла ақпейіл ананың тілеуін беріп, Райкүлі үш рет егізден сегізін туады. Біздің «Отбасыларыңызда, тұқымдарыңызда егіздер бар ма еді?» деген сауалымызға:
«Енем, жеңгем, әпкем егіз туған, ал солардың бәрінен де асып, үш рет егіз тапқан менмін», - деп кеңкілдей күлді кейуана.
Тұрсынқұл ауылдағы құс фабрикасында жүргізуші, ал Райкүл құс өсіруші болып жұмысқа орналасады.
«Былайғы жұртқа құс бағу оңай сияқты көрінеді. «Уақтылы жем-суын беріп, астын тазалап тұрсаң болғаны. Жұмыртқасын жинап ал да, сата бер» деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Тауықтар нәзік келеді. Оларға жылы қора, жеткілікті жем-су керек. Саңғырығын жиі тазалап тұрған дұрыс. Сонда ойдағыдай өнім алуға болады.
Фабрикада тауықтың етті және жұмыртқа беретін түрлері бар. Әрқайсысының күтімі әртүрлі. Біріншіден, оларға беретін жем құнарлы болуы керек. Ол ғылымға негізделген технологияға сай дайындалады. Тауықтардың жемі сараптамадан өткізіліп, мамандардың рұқсатымен ғана беріледі. Содан кейінгі ең ескеретін мәселе, олардың денсаулығы. Тауықтарға жылдың әртүрлі мезгілдеріне қарай вакцина егіледі. Дәрілер түріне қарай құстың санына, қанатына салынады. Кей дәріні суға араластырып беру керек. Олардың мөлшерін сақтамасаң, өлтіріп алуың мүмкін», - деді апа тәжірибесімен бөлісе отырып.
Жас маман жұмысқа деген жауапкершілігінің арқасында фабрикада құс еті, жұмыртқа жөніндегі жоспарды асыра орындап жүреді. Онысы еленіп, фабрикада жүргенде «Еңбек ардагері» медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Бесжылдық озаты», «Коммунистік еңбектің екпіндісі» төс белгілерімен марапатталған. Халық депутаттары аудандық Кеңесінің депутаттығына да сайланып, қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. Сөйте жүріп, егіз, егіз, егізден үш рет, екі рет жалқы туып, 8 баланы тәрбиелеп, өсіреді.
«Балалардың бәрі де 1 жасынан бастап балабақшада тәрбиеленді. Дегенмен, олардың балабақшада пайдаланатын жаялықтары мен жөргектері әрдайым таза, құрғақ болуы керек. Ол кезде қазіргідей памперс деген зат жоқ. Жұмыстан келе ас дайындай жүріп, жөргек-жаялықтарды жуып, жаямын. Олар кепкен соң түнделетіп үтіктеп қоюды да ұмытпаймын. Қайран, жастық, бәрін еш ауырсынбай атқардым. Алғашқы екеуі Гүлжан мен Нұрлан жалқы ғой, олардың күтімінде еш қиналмадым. Егіздердің алғашқысы Асан мен Үсен дүниеге келгенде «қиналатын шығармын» деп ойлағанмын. Бала күтімінен әжептәуір тәжірибелі болып қалған кезім, үлгердім бәріне де. Егіздерді айқастыра бесікке бөлеп тастаймын. Оның үстіне, Гүлжаным бесік тербетуге жарап қалған. Ол да қолқанат. Алғашқы егіздер дүниеге келгенде фабрика екі балаға арналған бесік-арба (коляска) сыйлаған. Қайда барсам да, сол арбаға салып аламын. Кейінгі екі егіз – Нұржан мен Ержан, Элмира мен Гүлмира да сол арбаға мініп өсті», - дейді Райкүл Рәпішева.
Міне, сол балалар бүгінде 20 немере, 23 шөбере сүйдіріп отыр. Ал, жолдасы Тұрсынқұл 72 жасында немере-шөберенің біразын көріп, өмірден озыпты. Бүгінде апа сол бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ардагер құс өсіруші ретінде алған марапаттарына беріректе «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі мен «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін» төс белгілері қосылыпты. «Ал, мынау – ұлым Асанның кәсіподақтан алған медалі. Оны да келіп менің кеудеме тағып берді», - дейді ана марқая.
«Сізге хабарласқанда айтқанымдай, менің анамдай 3 рет егізден туған ана Қазақстанда жоқ. Енді менің анамдай адам қанша жылда өмірге келеді, ондай адам жалпы, бола ма, жоқ па, бір Аллаға аян. Анам жайлы бүкіл ел білсе деп армандаймын. Сол үшін қаншама жылдардан бері аудандық, облыстық, республикалық, тіпті ресейлік басылымдардың журналистеріне хабарласып, мақалалар жаздырдым. «Сенбілік таң», «Бақыт кілті», «Біздің үй» секілді бағдарламаларға қатыстық. Биыл «Жыл адамы» байқауына да өтініш беріп, оның екінші айналымына өттік.
Десек те, мені бір қынжылтатын мәселе бар. Мен анама пәтер, көлік, дүние сұрамаймын. Мен тек ол кісінің үш егіз тауып, бағып-қаққан, 30 жыл еткен еңбегі бағаланып, соған сай құрмет көрсетілсе деймін. Шыны керек, тіпті 8 Наурыз сынды мерекелерде де өзім аудандық әкімдікке барып, айтқаннан кейін ғана кішігірім іс-шараларына шақырады. Тіпті, «Алтын алқа» белгісін аларда да аудан әкімдігінің маманы үйге әкеліп қолына ұстатып кете салыпты. Әдетте, ондай марапаттарды аудан, облыс әкімдері қабылдап, салтанатты жағдайда табыс етпей ме?
Менің анам «Байзақ ауданының Құрметті азаматы», «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағына да әбден лайық деп есептеймін. Ол туралы ауданның ғана емес, облыс басшыларына да жазған болатынмын. Дегенмен, барлығы сырғытпа жауаппен шығарып салады. Менің анамдай адамдарға құрмет көрсетілмегенде, кімге көрсетіледі?» - деп кейиді жергілікті құзырлы орындарға Асан Рәпішев.
«Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ». Бүгінде Райкүл апа өмір сыйлаған 8 перзенттің үшеуі бұл дүниеде жоқ.
«Өмірге еш өкпем жоқ. Бастысы, еліміздің тыныштығы, отбасымыздың амандығы. Осы екеуі болса қалған нәрсе өзі құралады», - деп қоштасты бізбен Райкүл апа.