Жамбыл облысында үш жасөспірімнің өліміне қатысты іс сотқа жолданды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының арнайы прокурорлары Қордай ауданы Қаракемер ауылында оқушылар арасындағы бопсалау және үш кәмелетке толмағанды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Жамбыл облысының прокуратурасы.

Фото: polisia.kz

Қылмыстық іс 23 қазанда мәні бойынша қарау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.

Тергеу барысында ауыл мектептерінің оқушылары арасында «Система» деп аталатын бейресми құрылым әрекет еткені анықталды. Оның өзіндік иерархиясы, мінез-құлық және бағыну қағидалары, сондай-ақ жазалау тәртібі болған.

Жиналған дәлелдердің жиынтығы бопсалау әрекеттері мен үш кәмелетке толмағанның қазасы арасында себеп-салдарлық байланыстың бар екенін көрсетеді.

Нәтижесінде екі күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2), 3)-тармақтары (қорқытып алу) және 105-бабының 2-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша айып тағылды. Екеуі де күзетпен қамауға алынды.

Тағы бес күдіктінің әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2), 3)-тармақтары бойынша сараланып, оларға өзге бұлтартпау шаралары қолданылды.

-Қазіргі уақытта аталған бейресми құрылымның қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар прокурорлар құзыретті органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынулар енгізді. Қазір олар қаралып жатыр,-делінген хабарламада.

Айыпталушылардың кінәлілігі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етілмейді.

Осыған дейін БҚО сотында бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан топтың ісі қаралып жатқаны туралы жаздық.