Жамбыл облысында зертхана аккредиттеу аясынан тыс сынақ жүргізгені үшін айыппұл арқалады

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында аккредиттелген сынақ зертханасына жүргізілген тексеру кезінде заң бұзушылықтар анықталды.

Фото: Kazinform

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы мемлекеттік бақылау аясында зертханаға жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында зертхананың аккредиттеу саласына кірмейтін объектілер мен сынақ әдістері бойынша жұмыстар жүргізіп, олардың нәтижелерін рәсімдегені анықталды. Бұл аккредиттеу және техникалық реттеу саласындағы заңнама талаптарына қайшы.

— Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижелері бойынша департаменттің қаулысымен заңды тұлғаға жалпы сомасы 930 айлық есептік көрсеткішке, яғни 4 022 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, қосымша әкімшілік жаза ретінде аккредиттеу аттестатының қолданылуы 6 ай мерзімге тоқтатылды, — деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қабылданған шаралар аккредиттеу саласынан тыс сынақ жүргізуге жол бермеуге, нәтижелердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және тұтынушылар мен нарық қатысушыларының мүддесін қорғауға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін елімізде білім беру ұйымдары алдын ала ескертусіз тексерілетінін хабарлағанбыз.