Жамбыл облысында зейнетақының орташа мөлшері 93 мың теңгеден асты

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында 146 799 тұрғын жасына байланысты зейнетақы алады. Жыл басынан бері 4 949 азаматқа алғаш рет зейнетақы тағайындалып, оның орташа мөлшері 93 557 теңгеге жетті, деп хабарлады Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: gov.kz

Облыста республикалық бюджеттен әлеуметтік қолдаудың түрлі түрін шамамен 448 мың тұрғын алады. Жылдың алғашқы алты айында аудандық бөлімдерде 67 685 зейнетақы және әлеуметтік іс қаралған.

Оның ішінде 36 263 жағдайда жаңа төлем тағайындалса, 29 693 іс бойынша бұған дейін қабылданған шешімдер қайта қаралған. Жамбыл облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің мәліметінше, қайта қаралған істердің нәтижесінде шешімдер төлем алушылардың пайдасына қабылданған.

Алайда ведомство істерді қайта қарауға қандай негіз болғанын және соның нәтижесінде тұрғындарға қанша қаражат төленетінін нақтыламады.

Еске сала кетейік, жақында Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа тәртібі түсіндірілген болатын.

Бұдан былай жасанды интеллект еңбек кітапшаларын оқып, зейнетақы тағайындауға қатысады.