Жамбыл облысында жол ережесін бұзған борышкерлерден 49 млн теңге өндірілді 

Фото: Фото: Kazinform

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында жол ережесін бұзған борышкерлерден 49 млн теңге өндірілді. Бұл туралы Polisia.kz жазды. 

«Борышкер — 2024» жедел алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер арнайы автокөліктерде орнатылған тиісті деректер базасы бойынша жүргізушілерді тексеруді жүзеге асырды. Үш күн ішінде мемлекет бюджетіне 48 млн 956 мың теңге өндірілді. Төленбеген айыппұлдары бар 301 автокөлік арнайы тұраққа қойылды, - деді Жамбыл облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев.

Сондай-ақ, халық арасында әкімшілік айыппұлдарды төлеу жолдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар 2069 борышкердің үйі мен пәтерлеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері облыс орталығында BMW көлігін тоқтатып, тексеру кезінде жылдамдықты асырғаны үшін 3 төленбеген нұсқама анықталды. Борышкердің көлігі айыппұлдары толық өтелгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.

Жамбыл облысының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жеті тәулік ішінде көрсетілген айыппұл көлемінің 50%-ын төлеуге құқылы екенін еске салады.