Жамбыл облысында жол ережесін бұзушыларды жасырын бақылау жүйесі енгізілді
ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Парк-Райт» атты 10 мобильді жасырын патрульдеу кешені жұмыс істеуде. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
Аталған аппараттық-бағдарламалық кешендер облыс аумағындағы барлық автожолдарда қолданылып, жол ережесінің бұзылуын автоматты түрде тіркейді. Құрылғылардың ерекшелігі — олардың орналасқан орны жасырын болады.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 1099 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1669 адам түрлі дене жарақатын алған. Жол апаттарының басты себептерінің бірі — жылдамдықты асыру.
Мобильді бақылау кешендерін қолдану жол-көлік оқиғаларын, әсіресе қозғалысы тығыз аймақтарда азайтуға ықпал етеді деп күтілуде.
Полиция барлық жүргізушілерге жылдамдықты сақтауға, қауіпсіз арақашықтық ұстануға және жолда мұқият болуға шақырды.
Айта кетейік, Жамбылда полициядан қашқан жүргізуші шолақ мылтықпен ұсталды.