Жамбыл облысында жолаушылар пойызы автобуспен соқтығыса жаздады
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысындағы Тараз – Шу бағытында жолаушылар пойызы автобуспен соқтығыса жаздады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға Қорағаты – Татты аралығындағы реттелетін, бірақ қараусыз қалған темір жол өткелінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі пойыз жақындап қалғанына қарамастан, жолға шығып кеткен. Жолаушылар пойызының машинисі дер кезінде шұғыл тежегішті қолданып, апаттың алдын алды.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, автобус жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі таңда бұл дерек құқық қорғау органдарына жолданды, тексеріс жүргізіліп жатыр.
Компания темір жол өткелдеріндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Айта кетейік, Жетісу облысы Матай стансасындағы теміржол өткелінде жеңіл көлік пен жүк пойызы соқтығысқанын жазғанбыз.