Жамбыл облысындағы 8 аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінде заңбұзушылықтар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының тұрғындарының біріне арба тек тексерушілер араласқаннан кейін берілсе, басқа ауданда әлеуметтік қызметкердің қызметі заңсыз көрсетілген.

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Бірінші жартыжылдықта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірлесіп, 11 тексеру жүргізді. Нәтижесінде сегіз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысынан заңбұзушылықтар анықталды.

— Жуалы ауданында біздің араласуымыздан кейін І топтағы мүгедектігі бар азамат ұзақ уақыт бойы негізсіз күткен кресло-арбасын алды. Сарысу ауданында әлеуметтік қызметкердің қызметін заңсыз көрсету фактісі тоқтатылды. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және күтімге шынымен мұқтаж адамдарға қатысты әділдікті қалпына келтіруге мүмкіндік берді, — деді департамент басшысы Аслан Оразбеков.

Ведомство болған жағдайдың мән-жайын жарияламады. Сондықтан азаматтың кресло-арбаны қанша уақыт күткені және әлеуметтік қызметкердің заңсыз қызметті қанша уақыт көрсеткені белгісіз.

Департамент жауапты қызметкерлердің тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы да ақпарат бермеді.

Айта кетейік, Жамбылдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың шағымынан кейін зертхана бірінші қабатқа көшірілді.

Бұған дейін Қостанай облысында 500-ден астам нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделмегенін хабарладық.

Ал Шымкентте 35 жеткізуші ұйым әлеуметтік қызметтер порталынан шығарылды.