Жамбыл облысындағы қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Дәрігерлер жаңа туған қыздың жағдайын бақылауға алды, ал полиция анасын іздеп, баланы тастауға не себеп болғанын анықтауға тырысып жатыр.

Фото: ҚР ДСМ

Оқиға Қордай ауданындағы Гвардия гарнизоны аумағында болды. Қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды. Нәресте бірден медициналық мекемеге жеткізілді. Полиция сонымен бірге баланы дүниеге әкелген әйелді іздеп, оқиғаның қалай болғанын анықтауға кірісті.

— Полиция жаңа туған баланың басын қатерге тігіп, тастап кету бойынша қылмыстық іс қозғады. Баланың анасының кім екенін және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін бірқатар тергеу және жедел шаралар жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір нәрестенің жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Бұған дейін Петропавлда төрт айлық тастанды сәби облыстық ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған едік.