Жамбыл облысындағы сарбаз өлімі: рота командирі сот алдында жауап береді

ТАРАЗ.KAZINFORM - Бас прокуратура Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизоны әскери бөлімінде сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық тергеу аяқталғанын хабарлады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Осы жылғы 27 қаңтарда сарбаз Е. Рустемұлының қаза болу себептерінің бірі болған Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлім рота командирінің қызметке салғырт қарауы бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Тергеу барысында лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызметін және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын бақыламағаны, сонымен қатар қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталды, - делінген хабарламада.

Бас прокуратура қысқа мерзім ішінде қажетті дәлелдер жиналып, қылмыстық іс сотқа қарау үшін жолданғанын мәлімдеді.

Сарбаздың өліміне қатысты басқа да мән-жайларды тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша, алдын ала тергеу деректерінің басқа мәліметтері жариялауға жатпайды.

Бұған дейін Жамбыл облысында қарауыл бастығы оқ тиіп, көз жұмғанын жазған едік.