«Толассыз жауған жаңбыр су басу ықтималдығын арттырды. Су тасқынына қарсы шараларды дер кезінде жүргізу қажет. Басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жіберілген қателіктер бойынша жұмыс істеу және өткен жылдың желтоқсан айындағы қиын жағдайдың алдын алу, бекітілген алгоритм бойынша нақты әрі үйлесімді жұмыс істеу. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Қандай да бір мәселелер туындаса, оны ашық айтып, шешу жолдарын қарастырған жөн», - деді Е.Қарашөкеев.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбековтің айтуынша, 34 елді мекенді су басу қаупі жойылып, екеуінің қаупі барынша азайтылған.
«Су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуына ден қою үшін 1459 адамнан тұратын авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылды, оған 364 арнайы техника жіберілді. 396 қабылдау пункті, 6900 тонна инертті материал, 16140 тонна жанар-жағармай дайындалды. «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының болжамды мәліметтерін ескере отырып, су тасқыны кезеңіне дайындық сарапталатын болады. Облыс бойынша барлығы 1739 шақырым канал, 1794 шақырым арық, 428 шақырым жерасты арналар жүйесі, 946 су өткізу құбыры тазартылды», - деді Р.Орынбеков.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев су қоймаларының тасқын суын қабылдауға және жинауға дайындығы туралы баяндады. Аймақ басшысы барлық аудандардағы су қоймаларына халықты ескерту жүйесін орнатуды, Тасөткел су қоймасын қалпына келтіру, Талас өзеніндегі жағалауды бекіту жұмыстарын бақылауды тапсырды.
«Су басу қаупі бар аймақтарда техниканың дайындығын тексеріп, мобильді топтарды жасақтап, күштер мен құралдардың қосымша резервтік топтарын дайындау қажет», - деді Е.Қарашөкеев.
Бұрын хабарланғандай, Жамбыл облысында барлық аудандардың 42 елді мекенінде, сонымен бірге Тараз қаласындағы Тектұрмас тұрғын алабында су тасқыны кезеңінде су басу қаупі бар.