Жамбыл облысының бір ауданында Сібір жарасының 27 ошағы сақталған

АСТАНА. KAZINFORM — Барлық қорым бақылауда болып, ветеринарлық талаптарға сай болғанына қарамастан, олардың болуы әлеуетті қауіп факторы ретінде қалып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Жетісу облысы Көксу ауданының әкімдігі

Жамбыл облысының ветеринарлық қызметінің мәліметінше, қорымдар қоршалып, бетондалған.

Арнайы тақтайшаларда ауру тіркелген күн, жануар түрі және орналасқан жердің координаттары көрсетілген.

Белгіленген аумақтарда тұрақты түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы Тұрар Рысқұлов ауданында Сібір жарасының 27 ошағы анықталған. Олардың барлығы ауданның 12 елді мекенінде орналасқан.

Сібір жарасы — аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол адамға ауру жұқтырған жануарлармен немесе топырақпен байланыс кезінде жұғуы мүмкін. Сондықтан мұндай аумақтар қатаң есепке алынып, санитарлық бақылауда болады.

Мамандардың айтуынша, мұндай ошақтар «стационарлық қолайсыз аумақтар» санатына жатады, яғни, бұл жерлерде бұрын аса қауіпті ауру тіркелген. Сондықтан инфекцияның таралу қаупін болдырмау үшін тұрақты бақылау қажет.

Еске салайық, жақында Шымкент қаласында Сібір жарасы диагнозы ресми түрде расталған болатын.

Сондай-ақ, Сібір жарасының өршуіне байланысты Ақмола облысының бас ветеринары жазаланғаны белгілі болды.