Жамбыл облысының есірткі қылмысына қарсы бөлімше бастықтары қамауға алынды

Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық бөліміне қарасты бөлімше бастықтарына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі, ресми өкіл Данияр Бигайдаров мәлім етті.

«Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық бөлімі бөлімшелерінің бастықтарына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар Шу ауданының тұрғынынан есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін алдау арқылы 1 550 000 теңге сомасында ақша алу күдігіне ілінді», - деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған лауазымды тұлғалар ұсталып, Тараз қаласында уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.