Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы Instagram парақшасында тиісті хабарлама жариялап, тұрғындарды талқылауға қатысуға үндеді.
Алайда әзірге өңір тұрғындары бұл бастаманы талқылауға аса белсенді қатысып жатқан жоқ. Ал жергілікті билік конкурс қашан жарияланатынын нақтылаған жоқ.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаңа эмблеманы бекіту туралы түпкілікті шешімді облыстық мәслихат депутаттары қабылдайды. Әкімдік жобаны әзірлеуге жауапты болса, мәслихат оны бекітеді.
Жаңа елтаңбаны қабылдау үшін бірнеше кезеңнен өту қажет.
– Алдымен әкімдік жаңа эмблеманы әзірлеуге конкурс жариялауы тиіс. Конкурс туралы ақпарат өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде үш ай бұрын әкімдіктің ресми сайтында жариялануы керек, – делінген қолданыстағы талаптарда.
Одан кейін ұсынылған жобалар тұрғындардың талқылауына шығарылады. Нәтижелері хаттамамен рәсімделіп, ең көп дауыс жинаған нұсқалар рәміздер жөніндегі сарапшылардың қарауына жіберіледі. Оң қорытынды алған жобалар мәслихаттың бекітуіне ұсынылады.
Эмблема авторларына бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын, діни, рулық және тайпалық белгілерді пайдалануға тыйым салынады. Жазулар қазақ тілінде болуы тиіс. Сондай-ақ сурет бірегей болып, өзге авторлардың құқықтарын бұзбауы қажет.
Осындай рәсім 2026 жылдың тамызында Шығыс Қазақстан облысында өтті. Өңірлік мәслихат таулар, орман, күн және толқындар бейнеленген жаңа логотипті бекітті. Онда «ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ» деген толық атау да жазылған.
Ал Алматы облысында жаңа эмблема жобасы 2025 жылдың жазында тұрғындармен талқыланып, 2026 жылдың мамырында бекітілді. Оның ортасына Алтын адамның бас киімі бейнеленіп, композиция қанатты барыстармен, таулармен, Іле өзенімен, шаңырақ және алма суреттерімен толықтырылды.