Жамбыл полицейлері жүргізуші куәлігін сатумен айналысқан қылмыстық схеманың алдын алды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл полицейлері жүргізуші куәлігін беруге қатысты қылмыстық схеманың жолын кесті.

Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста елдің оңтүстік аймақтары, атап айтқанда, Жамбыл, Түркістан облыстары, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындарынан құралған қылмыстық топтың жолын кесті. Олар ұзақ уақыт бойы тиісті дайындығы мен көлік жүргізу тәжірибесі жоқ адамдарға жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысып, сол үшін ақша алып отырған. 

«Қылмыстық схемаға ХҚО қызметкерлері және жүргізуші куәлігін алғысы келетін осы аймақтардың барлығынан клиенттер іздеген «көмекшілер» кірді. Кейіннен бұл куәліктер Тараз қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында рәсімделіп, берілді», - деп түсіндірді ведомстводан.

12 ақпанда Жамбыл және Түркістан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында қылмыстық топ мүшелерін жұмыс және тұрғылықты жері бойынша ұстау және тергеу шаралары жүргізілді. Олардың арасында ХҚО басшылары мен лауазымды тұлғалары бар.

Тіркелген қылмыстық істер аясында тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде, жүргізуші куәлігін заңсыз берудің 35 фактісі анықталып, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен орындаушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.