Жамбыл тұрғындары банкроттық рәсіміне жиі жүгіне бастаған

АСТАНА. KAZINFORM — Өңір тұрғындары қарыз мәселесін шешу үшін сот рәсімдеріне жиірек жүгіне бастады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.

Фото: freepik.com

2026 жылдың алғашқы алты айында соттарға азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе оларды банкрот деп тану туралы 632 талап-арыз түскен. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай өтініштердің саны 275 болған. Осылайша, бір жыл ішінде олардың саны 357-ге артып, шамамен 130 пайызға көбейген.

Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, мұндай өсімнің басты себебі — кейбір тұрғындардың банк алдындағы қаржылық міндеттемелерін уақытында орындай алмауы. Сондықтан олар сотқа жүгіну арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге немесе заңда белгіленген тәртіппен банкроттық рәсімінен өтуге тырысуда.

Бұл үрдіс өңірдегі қаржылық даулар санының жалпы өсуімен қатар байқалып отыр. Жыл басынан бері соттарға банктік келісімшарттар, факторинг және микроқаржы ұйымдарының қызметіне қатысты 7 235 талап-арыз түскен. Ал өткен жылдың осы кезеңінде олардың саны 4 008 болған.

Соның нәтижесінде өткен жылдан қалған істерді қоса есептегенде, соттардың өндірісінде барлығы 24 288 азаматтық іс қаралған. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 49,2 пайызға көп.

Еске сала кетейік, банкроттықты рәсімдеу процесі жеңілдетілді.