Жамбылда 27 кәсіпкерді құжаттарын жыл сайын қайта рәсімдеуге мәжбүрлеген

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының Сарысу ауданында коммуналдық кәсіпорын кәсіпкерлерге техникалық шарттарды заңда көзделген үш жылдың орнына бір жылға ғана беріп келген. Соның салдарынан ірі инвестор мен 26 кәсіпкердің құқығы бұзылған. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.

Фото: Pexels

Жамбыл облысының прокуратурасы табиғи монополия субъектілерінің қызметін тексеру барысында заңбұзушылықтарды анықтаған. Құжаттарды қысқа мерзімге рәсімдеген — «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны.

Атап айтқанда, 2023 жылдан бері минералды тыңайтқыш өндіру жобасын жүзеге асырып жатқан «Еврохим» ЖШС осындай жағдайға тап болған. Инвестор су, жылу және кәріз жүйелеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды жыл сайын қайта рәсімдеуге мәжбүр болған.

Әр рәсімдеу жұмысы 15 күнтізбелік күнге дейін созылған. Қадағалау органының мәліметінше, құжаттарды қайта-қайта рәсімдеу қажеттігі кәсіпкерлерге негізсіз әкімшілік кедергілер туғызған.

Аудан прокуратурасының араласуынан кейін инвестор мен тағы 26 кәсіпкердің техникалық шарттары үш жыл мерзімге қайта рәсімделді. Заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында инвесторға салынған 1,5 млн теңге айыппұлдың күші жойылған еді.