Жамбылда асыранды бала қаза тапты: әкесі қамауға алынды

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында 10 жастағы баланың қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Алдын ала мәлімет бойынша қайғылы оқиға өңірде бала асырап алған отбасылардың бірінде болған. Баланың өліміне дейін оған қатыгездік көрсетілген болуы мүмкін деген күдік бар. Бұл отбасында тағы төрт асыранды бала тәрбиеленіп жатыр.

Жамбыл облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады.

— Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу жан-жақты, объективті және толық көлемде өтеді, — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

Бұған дейін Батыс Қазақстанда өрттен бір отбасынан бес бала көз жұмғанын жазғанбыз.