Жамбылда бұлақтарды зерттеу және түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Зерттеу барысында бұлақтардың санитарлық және техникалық жай-күйіне баға беріліп, нақты координаттары анықталады, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жамбыл облысының аумағында «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің мамандары Қазақстан бұлақтарының бірыңғай деректер базасын жасау аясында бұлақтарды зерттеу және түгендеу бойынша далалық жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Зерттеу барысында бұлақтардың санитарлық және техникалық жай-күйіне баға беріліп, нақты координаттары анықталады, гидрогеологиялық бақылаулар жүргізіліп, зертханалық талдау үшін су сынамалары алынады. Жиналған мәліметтер табиғи су көздері туралы ақпаратты өзектендіруге және оларды одан әрі есепке алу мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл жұмыстар табиғи су нысандарын сақтауға, гидрогеологиялық ақпараттың сапасын арттыруға және еліміздің су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған.

— Бұлақтар — тұщы судың маңызды көзі әрі Қазақстанның табиғи байлығының ажырамас бөлігі. Бүгінде біз бұлақтардың жай-күйін жан-жақты бағалауға, оларды сақтауға бағытталған шараларды уақытылы қабылдауға және әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи әрі сенімді деректер базасын қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыс еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірлердің тұрақты дамуына ықпал ету тұрғысынан ерекше маңызға ие, — деді «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі басқармасының төрағасы Болат Бекнияз.

Бұдан бұрын Президенттің Іс басқармасы «Мөлдір бұлақ» акциясына қатысқанын жазған едік.