Жамбылда мекеме басшылығы мемлекеттің көліктерін сатып жіберген
ҚАРАТАУ. KAZINFORM — Жамбыл облысы Талас ауданының прокуратурасы «Таза-Талас» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде тұрған автокөліктерді жымқыру фактісін анықтады.
Мекеме басшылығы жалған құжаттар негізінде, сатылымға шығармай 4 автокөлікті үшінші тұлғаларға сатқан.
Мемлекетке келген залал мөлшері — 22 млн теңге.
Аталған дерек негізінде Талас ауданының прокуратурасы ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп тексеру бастаған.
Қылмыстық істі облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы тергеді.
Іс шеңберінде прокуратура құны 10 млн теңгені құрайтын 2 автокөлікті қайтарып, 7 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілді.
Талас аудандық сотының 13 маусымдағы үкімімен «Таза-Талас» мекемесінің директоры және оның орынбасары мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.