Жамбылда мектепті жөндеуге бөлінген 78 млн теңге бюджетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданында мектепті күрделі жөндеу кезінде нақты орындалмаған жұмыстар үшін мердігерге негізсіз төленген 78 млн теңгеден астам қаржы бюджетке қайтарылды.

Фото: Бас прокуратура

Бұл деректі аудан прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығына жүргізген талдау барысында анықтады.

Қадағалау органының мәліметінше, Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеу кезінде мердігер ұйымға іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін 78 млн теңгеден астам қаражат аударылған.

«Прокурорлық қадағалау актісі негізінде аталған қаражат бюджетке толық көлемде қайтарылды», – деп хабарлады прокуратура.

Сонымен қатар аудандық білім бөлімі, мердігер ұйым, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асырған тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 317-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Оларға жалпы сомасы 1,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын толық көлемде және белгіленген мерзімде аяқтап, мектеп пайдалануға берілді.

Айта кетейік, Атырауда бес айда 175,6 млрд теңге қаржылық бұзушылық анықталды.