Жамбылда сауда заңын бұзған 82 кәсіпкер жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Жамбыл облысында сауда заңнамасын бұзған 82 кәсіпкерлік нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі өкілдерінің өңірге жұмыс сапары барысында мәлім болып, базарларды жаңғырту мен өнімсіз делдалдарды қысқарту мәселелері де талқыланды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Дәулен Қабдушев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды. Сапар барысында сауда базарларын жаңғырту, өңірдің өндірістік әлеуетін дамыту және ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің өнімсіз делдалдарды жою жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы қаралды.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Жұмыс сапарының негізгі бағыттарының бірі — Тараз қаласындағы сауда базарларын жаңғырту жұмыстары болды. 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Салтанат» базары жаңғыртудан кейін шағын кәсіпкерлікті дамытуға
қолайлы жағдай жасап отыр. Базарда 25 сауда орны бар Жобаны іске асыруға 140 млн теңге инвестиция тартылған. Қазір базарда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан белгіленген тәртіппен пайдалануға берілді.

«Якка сарай» базарындағы құрылыс жұмыстары да толық аяқталған. Ал «Жібек жолы» базарында жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жоба аяқталғаннан кейін сауда нысаны сауданы ұйымдастыру, қауіпсіздік және кәсіпкерлік қызметті
жүргізу бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес болады.

Жұмыс сапары барысында Дәулен Қабдүшев өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорындардың қызметімен де танысты. Атап айтқанда, 140 адам еңбек ететін және жылына 6 660 тонна өнім өндіретін кондитерлік фабрикаға барды. Сондай-ақ делегация «Хлебный дар» кәсіпорнын және жылына 70 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін еліміздегі ірі өндірушілердің бірі «Алель Агро» АҚ-ны аралады. Кездесулер барысында отандық өндірісті дамыту, ішкі нарықты
сапалы өніммен қамтамасыз ету, сондай-ақ өндірушілердің сауда желілері мен нарықтармен өзара іс-қимылын нығайту мәселелері талқыланды.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Сонымен қатар сапар аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды жою жөніндегі тапсырмасының орындалуына ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері Жамбыл облысында өңірлік комиссияның 23 отырысы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің 46-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Базарларды жаңғырту мен өнімсіз делдалдарды қысқарту — бір бірімен тікелей байланысты жұмыс. Сауда нысандарын жаңғыртудың басты мақсаты — өндіруші мен тұтынушы арасында тікелей байланысты қамтамасыз етіп, әділ әрі ашық сауда ортасын қалыптастыру. Жергілікті атқарушы органдар сауда нысандарын жаңғырту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауға жауапкершілікпен қарауы, сондай-ақ өнімсіз делдалдардың үлесін азайту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруы қажет. Отандық өндірушілерге, кәсіпкерлерге және тұтынушыларға тең әрі қолайлы жағдай жасау — маңызды міндет, — деді Дәулен Қабдушев.

Сонымен қатар мемлекеттік бақылау шаралары да белсенді жалғасуда. Жыл басынан бері Жамбыл облысында жалпы сомасы 6 млн теңгеден асатын 82 әкімшілік қаулы шығарылды. Оның ішінде 58 қаулы сауда үстемесінің шекті мөлшерін 15 пайыздан артық асырғаны үшін, ал 24 қаулы тауарларға әртүрлі баға қолданғаны үшін қабылданды.

Сауда заңнамасының сақталуын бақылау және тауар өткізу тізбегінің ашықтығын қамтамасыз ету министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Бұған дейін министрлік жүргізген тексеріс нәтижесінде 4 843 кәсіпкердің бақылау-касса машиналарын тіркемей бөлшек саудамен айналысқаны, ал 5 846 субъектінің тіркелген POS-терминалдары жоқ екені анықталған болатын. Сонымен қатар табысын төмендетіп көрсетуге әрекет жасаған 247 кәсіпкер анықталып, оларға қатысты қосымша талдау мен хронометраждық тексерулер тағайындалды.