Жамбылда уланған оқушыларға ас әзірлеген ЖК 82 мектепке қызмет көрсеткен
Жамбыл облысы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев мектебінде оқушылардың жаппай тамақтан улану жағдайы бойынша Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform.
Облыс әкімі бірінші орынбасарының айтуынша, аталған мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған «Тоқсейітов» жеке кәсіпкерлігі бұдан бөлек облыс аумағында барлығы 82 мектепке қызмет көрсеткен.
«Тоқсейітов» жеке кәсіпкері облыс бойынша 82 мектепке қызмет көрсетеді. 25 мыңнан астам балаға тамақ беріп келе жатыр. Сол мектептердің барлығына зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Кеше полиция департаменті тарапынан қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталып кетті», – деді Нұржан Сәбитұлы.
Айта кетейік, Сарыкемер ауылы, Н.Киікбаев мектебінде 7 қараша күні жалпы саны 46 адам (44 оқушы мен 2 мұғалім) ішек инфекциясы диагнозымен Байзақ аудандық орталық ауруханасына түскен болатын. Бұл мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Жамбылда 46 бала мен 2 ересек адам мектеп асханасындағы тамақтан уланғанын хабарлаған болатынбыз.