Жамбылдағы айналма канал 40 жылдан кейін алғаш рет тазартыла бастады

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында Фурманов айналма каналы 40 жылдан кейін алғаш рет тазартылады, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Түркістан облысының Созақ ауданына Шу өзенінің суын жеткізуді жақсарту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі Фурманов айналма каналын механикалық әдіспен тазарту жұмыстарын бастады. Тазалау жұмыстарын биыл аяқтап, канал арқылы су жіберу жоспарланып отыр. Бұл Шу өзенінен экологиялық мақсатта жіберілетін судың тиімділігін арттырып, Созақ ауданындағы табиғи жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Былтыр қыркүйек айынан бастап биыл сәуір айының соңына дейін Шу өзені арқылы Созақ ауданына 1,5 млрд текше метрден астам су жіберілгенін еске сала кетейік. Фурманов айналма каналының өткізу мүмкіндігі — секундына 45-50 текше метр, ұзындығы — 120 шақырым. Нысан Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек ауылдарының бойынан өтеді.

— Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданының экожүйесін қолдау үшін шамамен 200 млн текше метр су жібереді. Каналды тазарту су жіберудің тиімділігін арттырып, 40 жылдан бері алғаш рет оны өз мақсатына сай пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар канал бойындағы елді мекендердің суға қолжетімділігі жақсарады. Нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстар министрліктің қатаң бақылауында, — деді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.

Бұдан бұрын Су ресурстары министрлігі Франция мамандарымен бірлесіп Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізгенін жаздық.