Жамбылдағы бес станцияда вокзалдарды реконструкциялау жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігінің ғимаратында вице-министр Жәнібек Тайжановтың төрағалығымен Жамбыл облысындағы теміржол вокзалдарын реконструкциялау мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Фото: Көлік министрлігі

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, кеңеске Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Мемсараптама» РМК, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, сондай-ақ мердігер ұйымдар қатысты.

Кеңес барысында Боранды, Отар, Тараз, Түрксіб және Шу станцияларындағы вокзалдарды реконструкциялау жобалары қаралды.

Фото: Көлік министрлігі

— Жұмыс кестелерінің сақталуы, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы, сондай-ақ реконструкция кезеңінде жолаушыларға қолайлы қызмет көрсету үшін уақытша инфрақұрылымды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, бағдарламаға енгізілген барлық вокзал кешендерін ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отырғаны атап өтілді, — делінген хабарламада.

Кеңес қорытындысы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға, мердігер және жобалау ұйымдарына жобаларды іске асыру қарқыны мен сапасын қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Фото: Көлік министрлігі

Вокзалдарды реконструкциялау Жамбыл облысының тұрғындары мен қонақтары үшін теміржол инфрақұрылымының жайлылығы, қауіпсіздігі және қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Осыдан бұрын Астананың ескі вокзалын заманауи талаптарға сай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жаздық.