Жамбылдық 15 жастағы механик айына жарты миллион теңге табыс тауып отыр

ЖАМБЫЛ. KAZINFORM – Қазақстандағы ең жас механик Жамбылда тұрады. 3 жылдан бері тастөбелік тұрғындардың көлігін жөндеп жүрген жігіттің жасы қазір небәрі 15-те.

Фото: видеодан алынған скрин

– 9 жасымнан бастап көршілерімнің, құрдастарымның велосипедін жөндей бастадым. 12 жасымда әкемнің қасында кез келген машинаны шашып-жинай алатын болдым. Қазір жасым 15-те. Болашақта автоэлектрик мамандығын оқысам деймін. Алдағы уақытта қолдау болса, кәсібімізді де дамытқым келеді, – дейді Бақдәулет Исақұл.

Фото: видеодан алынған скрин

Бақдәулеттің жастайынан темір-терсектің тілін тауып, жас механик атануы бекер емес. Бұл — атадан балаға мұра болып келе жатқан қабілет. Қазір 15 жастағы бала дәл осы кәсіпті дөңгелетіп, айына ең азы жарты миллион теңге табыс табады.

Фото: видеодан алынған скрин

– Менің осы салаға деген қызығушылығым әкемнен келген. Ол да техникаларды жөндейтін. Көршілеріміздің көлігі бұзылса, біздің үйге әкелетін. Соны көріп, мен де қызығып, әкемнің ісін жалғастырдым. Өз баламды да жастайынан осы бағытқа баулығаныма қуанамын. Қазіргі арманымыз – баламды оқытып, осы кәсібімізді өркендету, – дейді жас механиктің әкесі Қанат Қонысбаев.

Қазір алыс-жақын ауылдағы тұрғындар көлігі бұзыла қалса, Бақдәулетті іздейді. Тұтынушылары да оған «бала» деп қарамай, темір тұлпарын алаңсыз сеніп тапсырады екен.

Фото: видеодан алынған скрин

– Көлігімдегі ақауды бір көргеннен тапты. Сөйтіп, 1 күннің ішінде жөндеп берді. Қазір көлігімді алып кетуге келдім. Жас баланың шеберлігіне қатты таң қалып тұрмын. Бұл баланың болашағы зор. Ары қарай да қабілетін шыңдау керек деп ойлаймын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Жаңабек Сыдыманов.

Фото: видеодан алынған скрин

Жалпы, Тараздан 20 шақырым жердегі Тастөбеде 1418 адам тұрады. Бұл тұрғындардың бәріне небәрі екі ғана механик қызмет етеді. Ал Бақдәулет болашақта ауылын танытып, үлкен орталық ашуды армандайтынын жеткізді.

Бұған дейін Жамбылдың қазіргі өндірістік әлеуеті туралы жазған едік.