Жамбылдық «Қазсушар» мекемесі 51 жаңа арнайы техникамен толықты
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына 51 жаңа арнайы техника берілді, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облысындағы филиалына экскаватор-жүктегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, су таситын көліктер, самосвалдар, автокрандар, тартқыштар, тіркемелі құрал-жабдықтар, дизельді генераторлар және басқа да техникаларды қоса алғанда, 51 жаңа арнайы техника берді. Филиалға барлығы 75 техника бөлінген, қалған 24-і жыл соңына дейін жеткізіледі. Техника паркі толықтырылғанға дейін филиалда 64 жабдық болған.
— Филиал қарамағындағы автокөлік пен арнайы техниканың саны екі еседен асты. Бұл техника Жамбыл облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау бойынша ірі жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ биылғы және алдағы суару маусымдарының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Айта кетейік, қазір республика бойынша «Қазсушар» РМК-ның филиалдарын жаңа техникамен жабдықтау жалғасып жатыр. Бүгінге дейін кәсіпорын филиалдарына жоспарланған 757 арнайы техника мен көліктің 400-ден астамы жеткізілді.
Осыған дейін министрлік «Қазсушар» кәсіпорнын жалпы саны 757 техникамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын мәлім еткен еді.