Жамбылдық спортшыларға Көшпенділер ойындары үшін 12,7 млн теңге берілді ме

АСТАНА. KAZINFORM — Жақында әлеуметтік желілерде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде алған спортшыларға сертификат табысталғанымен, уәде етілген ақшалай сыйақы әлі берілмегені туралы ақпарат тарады. Бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін Kazinform агенттігінің тілшісі анықтады.

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Мәселе тек уәде етілген ақшаның берілмеуімен шектелмеді. Көшпенділер ойындарының қорытындысы жайлы өзге де жарияланымдарға пікір қалдырғандар көкпаршылардың қаржылық қиындықтарға тап болып отырғанын, жарыстарға іс жүзінде тек өз ынта-жігерімен қатысып жүргенін және осындай жағдайда халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғап жүргенін жазды.

Әлеуметтік желідегі пікірлердің өзі спортшыларға уәде етілген ақшаның берілмегенін дәлелдей алмайды. Пікір жазғандар спортшылардың жақындары немесе қаржылық жағдайынан хабардар таныстары болса да, мұны нақты айғақ деуге келмейді. Дегенмен бұл сөздер 2024 жылғы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін жамбылдық спортшыларға табысталған ақшалай сертификаттардың жайын анықтауға негіз болды.

Сауалымызға жауап алу үшін Жамбыл облысы әкімінің аппаратына жүгіндік. Өтінішіміз облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына жолданып, көп ұзамай жауап алдық.

12,7 млн теңге толық көлемде төленді

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы Жамбыл облысының атынан ұлттық құрама сапында 17 спортшы сынға түскен. Олар 7 алтын, 7 күміс және 3 қола медаль иеленіп, ел қоржынына жалпы 17 жүлде салған.

Өңірлік сыйақылардың жалпы сомасы 12,7 млн теңге болған.

— Аталған сома 2024 жылғы 17 қыркүйекте демеушілердің қаражаты есебінен толық көлемде төленді, — делінген ресми жауапта.

Әкімдік сайтындағы ақпаратқа сәйкес, сол күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев спортшылармен кездескен. Кездесу қорытындысы туралы ресми хабарламада оларға ақшалай сертификаттар табысталғаны айтылған.

Алайда басқарма қорды қалыптастырған демеушілердің аты-жөнін, сондай-ақ қаражат алған спортшылар мен оларға төленген нақты сомаларды атаған жоқ.

Ведомство халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша берілетін бір реттік сыйақылар бюджеттен қарастырылмайтынын және мұндай төлемдер басқарманың тікелей құзыретіне жатпайтынын атап өтті. Спортшыларға тиісті федерациялар мен демеушілер сыйақы бере алады.

«Әулие-Ата» ұлттық спорт түрлері кәсіпқой клубының басшысы Атамекен Рүстемов басқарма атынан берілген жауапқа қол қойған. Ол мәселенің жай-жапсарына кеңінен тоқталмай, спортшыларға қарастырылған төлемдер уақытылы беріліп жатқанын мәлімдеді.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Бір ойын — бірнеше түрлі сыйақы

Төлемдердің айырмашылығын түсіну үшін спортшыларға сыйақының бірнеше жерден берілуі мүмкін екенін ескерген жөн. «Көшпенділер ойындарындағы жүлде» деген ұғым әртүрлі төлемді қамтуы мүмкін.

Біріншісі — V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлде қоры. Жарыс басталмас бұрын ойындар дирекциясы серіктестердің жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйақы төлеуге 253 млн теңге бөлгенін хабарлаған.

Командалық сайыстарда жеңімпаздарға бүкіл командаға 10 млн теңге, күміс жүлдегерлерге 6 млн, қола жүлдегерлерге 4 млн теңге берілді. Жекелей сайыстарда бұл сома сәйкесінше 500 мың, 300 мың және 200 мың теңге болды. Ал кейбір ат спорты жарыстарында сыйақы көлемі бөлек белгіленген.

Екіншісі — республикалық федерация жариялаған жеке сыйақы. 2024 жылғы қыркүйекте Kazinform көкпардан жеңіске жеткен ұлттық құрамадағы әр спортшы мен жаттықтырушыға федерация президенті Бауыржан Абдрашитов 5 млн теңгеден сыйақы беретінін хабарлаған. Ал көкбөріден жеңімпаз атанған әр спортшы мен жаттықтырушыға 10 млн теңгеден беру жоспарланғаны айтылды.

Үшіншісі — Жамбыл облысының әкімі спортшыларға табыстаған өңірлік сертификаттар. Басқарма атаған 12,7 млн теңге дәл осы сыйақыларға қатысты.

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Ай сайын берілетін қаражат

Басқарма спортшыларды қолдаудың тағы бір түрі ретінде ұлттық құрама спортшылары мен жаттықтырушыларына ай сайын төленетін қаржылай қаражатты атап өтті. Оның мөлшері Туризм және спорт министрінің № 159 бұйрығымен бекітілген.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына ай сайын кемінде 60 АЕК (2026 жылы — 259 500 теңге), күміс жүлдегерлерге 50 АЕК (216 250 теңге), қола жүлдегерлерге 40 АЕК (173 000 теңге) төленеді. Ал жаттықтырушыларға тиісінше 30 АЕК (129 750 теңге), 25 АЕК (108 125 теңге) және 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде төлем қарастырылған. Бұл қолдау спортшылар жаттығуын жалғастырған жағдайда келесі ойындарға дейін сақталады.

Басқарманың мәліметінше, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бұл төлем белгіленген тәртіппен берілген.

2026 жылғы жаңа сертификаттар

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Жамбыл облысының намысын 22 спортшы қорғады. Олар 26 медаль жеңіп алды: 8 алтын, 11 күміс және 7 қола.

Команда елге оралған соң облыс әкімі жеңімпаздар мен жүлдегерлермен кездесті. Спортшыларға алғыс хаттар, Президенттің арнайы сыйлықтары мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Ресми хабарламада жаңа сыйақылардың нақты мөлшері мен оның қайдан қаржыландырылғаны көрсетілмеген. Жаңа үлгідегі сертификаттардағы деректерді екі жыл бұрынғы сыйақылармен салыстырғанда, сома шамалас болуы мүмкін. Алайда оның нақты мөлшері әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттаған болатын.

Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы көкпардан Қырғызстанға финалда есе жіберді.