Жамбыл Ахметбеков мемлекеттік тілден емтиханнан өтті

АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы атынан кезектен тыс Президент сайлауына қатысуға өтініш берген Жамбыл Ахметбеков Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтиханды сәтті тапсырды.

Лингвистикалық комиссияның отырысынан соң Ж.Ахметбековтың емтиханының нәтижелерін жария еткен лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, үміткер алдын ала белгіленген үш кезең бойынша сынақ тапсырды. «Ол жазба жұмысын «Астана - бас қала» тақырыбына жазды. Ол шығарманы жақсы жазды. Орфографиялық қателері жоқ. Тыныс белгісінен 2 қате, стильдік 2 қате бар. Бізді Ж.Ахметбековтың сөйлем құрауы, тақырыпты ашуы қанағаттандырды. Екінші кезеңде үміткер Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын өте жақсы оқыды. Оның дикциясы да жақсы, мәнерлеп оқуы да бәрі көңілден шықты. Үшінші еркін тақырып «Адам және табиғат» деп аталды. Бұл адамзатты толғандырып жүрген өзекті тақырып. Біздің үміткер бұл тақырыптың да табиғатын ашты. Байсалды, еркін, өте жақсы сөйледі. Табиғат пен адам баласының арасындағы байланысты өте жақсы түсіндіріп бере алды. Біз қазір үміткердің айтқандарынан жақсы бір әсерде отырмыз. Осыларды ескере келе лингвистикалық комиссия мүшелері Ж.Ахметбеков қазақ тілін еркін меңгерген деген байлам жасап отыр»,-деді М.Жолдасбеков.

Естеріңізге сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясына сайлауға қатысу үшін барлығы 15 азамат өтініш берді. Бүгінгі күнге дейін олардың тек бірнешеуі ғана мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алды. Олар - заңгер Сәлім Өтен, эколог, ғалым Мұсағали Дуамбеков, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев және «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры Қанат Турагелдиев. Аталған азаматтардың арасында Қанат Турагелдиевтен өзге азаматтар осы уақытта қол жинау жұмыстарымен айналысуда. Ал «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров пен уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өте алмады. Осы себепті Орталық сайлау комиссиясы аталмыш үміткерлерді тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады. Сондай-ақ Президент сайлауына қатысатындығын білдіріп ОСК-ға өтініш берген зейнеткер Зәуре Масина өтінішін қайтарып алды.

Өзге үміткерлер, нақтырақ айтқанда, Павлодар облысының 55 жастағы тұрғыны, уақытша жұмыссыз Нұрсила Күсетайұлы, «Бастион- Аст» күзет агенттігі» ЖШС-де күзетші болып істейтін 48 жастағы Толыбай Баймурзин, «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек, 1954 жылы туылған жамбылдық Гүлдана Тоқбаева, 1957 жылы туылған алматылық Мая Қарамаева, 1968 жылы туылған Астана қаласының тұрғыны Адалбек Құнанбаев және «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізов мемлекеттік тілден емтиханды алдағы уақытта тапсырады.

Осы орайда «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбектің мемлекеттік тілден алынатын сынаққа екі мәрте келмей қалғандығын айта кету керек. Әзірге оның емтиханды қашан тапсыратыны белгісіз.