Жамбыл Ахметбеков Өскеменде колледж студенттерімен кездесті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 4 маусым күні ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков Өскемендеегі экономика және қаржы колледжінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесті. Бұл жөнінде Қазақстан коммунистік халық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков Қазақстан коммунистік халық партиясы ҚР Парламенті Мәжілісінен орын алып отырған саяси ұйым екенін және мемлекеттік деңгейде халық мүддесін қорғайтынын айтты. Бұдан кейін спикер сайлауалды тұғырнаманың басым бағыттарын таныстырып, тұғырнама коммунистік идеология ұстанымдарынан бастау алатынын тілге тиек етті.

Жамбыл Ахметбеков аталмыш партияның АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты арттырумен бірге кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдау, оны іске асыру және отандық тауарға сұранысты арттыруды бірнеше рет ұсынғанын және оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейтінін атап өтті.

Кездесу соңында спикер сайлаушыларды 9 маусым күні өтетін кезектен тыс президент сайлауында белсене қатысып, лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.