Жамбыл Ахметбеков штабы Текелі ұстаздарына сайлауалды бағдарламасын түсіндірді

ТЕКЕЛІ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Ескелді ауданы Текелі қаласында Алматы облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Сәуле Биғарова №5 мектеп-лицейінің педагогикалық ұжымымен кездесті. Бұл туралы Қазақстанның коммунистік халық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Басқосу барысында Сәуле Биғарова ұстаздар қауымына Қазақстан Коммунистік Халық партиясының қызметі мен кандидат Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.

Облыстық сайлауалды штаб жетекшісі ұрпақ тәрбиесі үшін ұстаздар қауымына алғыс білдіріп, олардың барлығын 9 маусымдағы кезектен тыс сайлауға бір кісідей қатысып, дауыс беруге шақырды.

Жиын барысында Сәуле Биғарова ұстаздар қауымымен білім саласының өзекті мәселелерін талқылап, пікір алмасты. Негізгі әңгіме мұғалім мәртебесі төңірегінде өрбіді.