Жамбыл Ахметбеков штабының өкілдері ақмолалық дәрігерлермен кездесті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабының өкілдері Ақмола облыстық ауруханасының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында «Халық коммунистері» фракциясының депутаты Владислав Косарев пен Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжитов сөз сөйледі.

В. Косарев Парламент Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясының 7 депутаты үнемі қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты бастамаларға ұйытқы болатынын тілге тиек етті. Бұдан кейін ол ҚР Президенттігіне үміткер Ж.Ахметбековтың сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттарына тоқталып, медицина қызметкерлерін толғандырған сұрақтарға жауап берді.

«ҚКХП - 15 жыл бойы бірнеше маңызды бағыттарда жүйелі жұмыс істеп келе жатқан саяси ұйым. Партияның бағыты - айқын, мақсаты - мығым. Біздің партия бұған дейін бірнеше сайлауға қатысты. Осы тұрғыдан алғанда бізде тәжірибе көп. Біз электоратпен қалай жұмыс істеу қажет екенін жақсы білеміз. Сіздерді алдағы сайлауға қатысуға және сайлауға коммунистердің атынан қатысып жатқан кандидат Жамбыл Ахметбековты қолдап дауыс беруге шақырамын», - деді В. Косарев.

Сөз арасында ол ҚР Президенттігіне кандидат «Адал еңбек ел мүддесі үшін!» деген ұранды темірқазық тұтатынын айтты.

Өз кезегінде Б.Мәжитов медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту өзекті мәселе екенін және бұл сұрақ коммунистердің назарында тұратынын атап өтті.

«ҚКХП атынан ҚР Президентінің сайлауына түсіп жатқан кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында «кедейшілікпен күрес» деген бағыт бар. Міне, дәл осы бағыт әлеуметтік мәселелерді күн тәртібіне қояды. Біздің кандидат сайлауалды тұғырнамасында денсаулық сақтау саласына, ұл саулығына ерекше көңіл бөліп отыр. Медицина қызметкерлердің жалақысын көтеру, зейнетақымен қамтамасыз ету, тұрғын үй мәселесін шешу, еңбек жағдайын жақсарту және басқа да әлеуметтік-экономикалық мәселелер өзекті болып қала береді. Біз осының барлығын шешуге күш жұмсаймыз. Сіздерді Ж.Ахметбековты қолдап дауыс беруге және жоғары жалақы алып, заман талабына сай өмір сүруге шақырамыз!» - деді Б.Мәжитов.

Жиын соңында республикалық сайлауалды штаб өкілдері сайлаушылардың Қазақстан Коммунистік Халық партиясының президент сайлауына қатысып жатқан кандидатын қолдап, дауыс беретініне сенім білдірді.