13:24, 21 Мамыр 2009
Жамбыл ауданы ауылдық округтарының әкімдері ҚР Жер кодексіне пысқырмайды ? Жамбыл облысы
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ – Жамбыл облысы Жамбыл ауданының прокуратурасы мемлекеттік жер қорынан жер учаскелерін бөлу саласында заң бұзушылықты ашты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Жамбыл ауданы прокуратурасының әділет кіші кеңесшісі Жанболат Туғанбаевтың ақпараты бойынша ауылдық округтар әкімдері актілерінің заңға сәйкестігін тексеру барысында Құмшағыл ауылдық округының әкімі аудандық жер комиссиясының шешімінсіз-ақ жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін азаматтарға жер телімдерін жеке меншікке беру фактісін ашты.Қаратөбе ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы сауда кешенінің құрылысы үшін 0,50 га жер телімін бір азаматшаға заңсыз жеке меншік құқығына берген. Мұндай заң бұзушылық Жамбыл ауылдық округы әкімінің қызметінде де ашылды. Жамбыл ауданының прокуратурасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес кінәлі адамдарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені қою жөнінде Жамбыл облысының әкімі жанындағы тәртіптік кеңеске ұсынуды енгізді.